Наурыз мерекесіне арналған «Пай, пай, шіркін, қазақтың дәстүрлері-ай» атты этносағат
Үстіміздегі жылдың наурыз айының 19-ы күні Топар кентінің кітапханасында келе жатқан қасиетті Жыл басы молшылық әкеліп, күн мен түнді теңестіретін, көктемнің айтулы мерекесі – Әз Наурыздың қарсаңында кенттегі Абай атындағы тірек мектебінің 6 сынып оқушыларының қатысуымен «Пай, пай, шіркін, қазақтың дәстүрлері-ай» ауқымды этносағат өткізілді. Шара барысында балаларға дастархан жасалып – бауырсақ, шелпек және басқа ұлттық тағамдар қойылып, шай берілді. Шай ішу рәсімі аяқталғанда, балалардың қатарынан ас қайыру, бата беру салты жасалды.
Сондай – ақ шаралардың бағдарламасы аясында әшекейлі – қолданбалы халық творчествосының көрмесі ұйымдастырылып, онда бесік, алтыбақан, домбыра, қымыз құятын күбі, самаурын, өрілген қамшы сияқты жәдігерлер қойылды. Сонымен қатар Наурызды, көктем мен достықты, молшылықты насихаттайтын «Наурыз достық пен көктем мерекесі» атты кітап көрмесі қойылды.
Бұдан әрі Наурыз көже әзірлеу бойынша жарыс өткізіліп, 14 түрлі тағам ұсынылып, оның 7 түрі іріктелініп алынды. Бұл тағамды әзірлеудің әр түрлі әдістері көрсетіліп, жеткіншектердің ұлттық, далалық қырының ұшталғанын көрсете білді.
Осы іс – шаралар бағдарламасы негізінде текеметке ою – өрнектер салу жарысына 2 команда қатысты. Сонымен қатар асық ойнау, арқан тарту сияқты жекелеген және командалық ойындар қызықты әрі тартымды болып өз мәресіне жетті.
Осындай шаралар жалғасын тауып отырса, жастар мен болашақ ұрпақтың, жеткіншектердің ұлттық рухтарын тәрбиелеп, ұлы даланың салт – дәстүрлерін ұмытпайтындай, әрдайым жадында ұстауға негіз болады деп сенемдеміз.